KZ | RU | ENG

Фермерлерге жеңілдетілген несие беру талаптары қандай?

11.04.2018

Үкімет үйінде өткен жиында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ басқарма төрағасы Жандар Омаров ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту мен шаруаларға жеңілдетілген несие беру талаптарын түсіндірді. Басқарма басшысының айтуынша, мемлекет жеңілдетілген несие беруді 2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы арқылы жүзеге асырады. «Мемлекет басшысы халықты әлеуметтік жаңғыртуға бағытталған 5 бастама ішінде шағын несиелеуді көбейту туралы мәселені көтерді. Биыл шағын несиелеудің көлемі 20 млрд теңгеге ұлғайып, жылына 62 млрд теңгеге дейін өседі. Сондай-ақ, өз бизнесін бастауға және кеңейтуге мүмкіндік алған қазақстандықтардың саны 14 мыңға жетеді деп күтілуде», - деп атап өтті Жандар Омаров.

         Шағын несиелеудің негізгі қағидалары мен механизмдері, шарттары бағдарламаның өзінде және несиелеу ережелерінде қарастырылған. Яғни жеңілдетілген несиелер жылына 6% 5 жылға дейін, мал шаруашылығы саласындағы несиелер - 7 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Берілетін несие мөлшері 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейін - 19 миллион 240 мың теңгені құрайды.

         «Бағдарлама аясында біздің қор 19,3 млрд теңгеге 5 694 жобаны қаржыландырды. Оның ішінде 11,5 млрд теңге бөлінген 3 426 жоба - стартаптар еді. Яғни, қаржыландырудың 60 проценті стартап-жобаларға бөлініп отыр», - деп өз сөзін толықтырды Ж. Омаров. Сондай-ақ, Ж. Омаров өзге қаржылық институттармен салыстырғанда Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының кепілдік саясатының да шаруаларға қолайлы екенін атап өтті. «Мәселен, екінші деңгейлі банктер несие берерде қала сыртындағы жер телімін, ауыл шаруашылығына арналған жерлерді кепіл есебінде қабылдамайды. Ал бізде еш шектеу жоқ. Жылжитын және жылжымайтын мүліктер, салынған жылы мен материалына қарамастан, үйлер мен ғимараттар кепіл ретінде қабылданады», - дейді Жандар Омаров.