KZ | RU | ENG

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Ә. САҒЫНТАЕВҚА

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Ә. САҒЫНТАЕВҚА
28.04.2017

 

                                                                        Қазақстан Республикасының

                                                                       Премьер-Министрі

                                                                        Б.Ә. САҒЫНТАЕВҚА

 

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

 

Менің депутаттық сауалыма Павлодар облысына жасаған іс сапар кезінде көз жеткізілген білім беру жүйесіндегі шағын жинақталған мектептердің жағдайы негіз болып отыр.

Білім саласы жақсы дамыған, білім беру стандарттары жүйелі түрде жүзеге асып келе жатқан Павлодар облысындағы  387 мектептің  281-і, яғни  73%-ы шағын жинақталған мектептер. Онда 16 мыңнан астам балалар оқиды. Жалпы шағын мектептердің 247-сі ауылдық жерде орналасқан. Өкінішке орай, уақытында тұрғындардың Германияға, көршілес Ресейге көшіп кетуіне байланысты мектептердегі балалардың саны күрт азайған және ол үрдіс әлі де жалғасуда. Осы өңірдің Тереңкөл, Ақтоғай, Май аудандарында сыйымдылығы 420, 600, 800 орындық мектептерде балалардың саны 2-3 есеге аз.

Дәл осындай жағдай Ресей мен Қытай мемлекеттерімен шекаралас орналасқан облыстардың барлығында орын алып отыр. Қазақстандағы 7100 орта білім беру мекемелерінің 3036-сы шағын жинақталған мектептер, онда 206 мың бала оқиды. Олардың  70%-ы шекараға жақын ауылдарда орналасқан. Бұл мектептердің ең үлкен проблемасы ұстаздардың тұрақтамауы. Педагогикалық жүктемелердің аздығынан мұғалімдердің жалақысы  өте төмен,  айына 40-50 мың теңгеге де жетпейді. Ал ұстаздардың үстеме сағатын көбейту мақсатында оларға ұқсас пәндерден қосымша сабақ беру заң жүзінде қаралмаған. Айлығы төмен, оның үстіне әлеуметтік мәселелері шешілмеген мұғалімдер жиі ауысады. Кейбір мектептегі ұстаздардың жетіспеушілігі балалардың білім сапасына кері әсерін тигізіп, көптеген отбасылардың көшіп кетуіне себепші болуда.

Бұл өз кезегінде онсызда тұралап тұрған ауыл мектептерінің жабылуына әкеп соғуда. Ал мектептің жабылуы – ауылдың жойылуына әкелетіні айдан анық.

Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, шекара аумағында орналасқан 1282 ауылдық елді мекендердің 360-да мүлдем мектеп жоқ. Өкінішке орай тек былтырғы оқу жылының өзінде 84 шағын жинақталған мектептер жабылып қалған. Осы уақытқа дейін Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында барлығы 660 ауылдық елді мекендер қысқарып кеткен.

Сарапшылардың болжамы бойынша, қазіргі демографиялық дисбаланс сақталған жағдайда 2050 жылға қарай солтүстік өңірлердегі халық саны 1 млн. адамға азаятыны белгілі болып отыр.

Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

Жоғарыда айтылған мәселелердің өте үлкен экономикалық, әлеуметтік және саяси маңыздылығын ескере отырып, шекарада орналасқан ауылдардың жағдайын, ондағы шағын жинақталған мектептердің проблемасын шешуді қамтитын арнайы бағдарлама қабылдауды ұсынамын.

Онда келесі мәселелерге көңіл аударған дұрыс болар еді деп есептеймін:

  1. Шағын жинақталған мектептердегі ұстаздардың жалақысын көтеру мақсатында  оларға ұқсас пәндерден (математика – физика, қоғамтану – тарих, биология – география, өзін-өзі тану–дінтану т.б.)  сабақ беруге рұқсат ету шараларын қарастыруды;

  2. Мектеп мұғалімдеріне қосымша пәндерден сабақ беру үшін біліктілігін арттырып, арнайы сертификаттар беру үшін қысқа мерзімді (2-3 айлық) курстар ұйымдастыруды;

  3. Еліміздегі педагогикалық институттар мен университеттерде қосалқы пәндер мұғалімдерін дайындау шараларын қарастыруды;

  4. «Дипломмен ауылға» бағдарламасының талаптарын қайта қарап, шалғайдағы және шекарадағы ауылдарға баратын мамандарға қосымша әлеуметтік қолдау және ынталандыру шараларын қарастыруды;

  5.  Еліміздің ішкі миграциясын  реттейтін арнайы бағдарламалардың талаптарын өзгерте отырып, өңірлерден көп балалы отбасыларды, ұлтына қарамай, солтүстіктегі шалғай және шекара бойында орналасқан ауылдарға жаңа үйлер салып, жұмыспен қамту шараларын  қарастырып, мақсатты түрде қоныстандыру  мүмкіндіктерін қамтуды;

  6. Көршілес Ресей, Қытай мен Монғолияның Қазақстанға жақын орналасқан облыстары мен аймақтарындағы қандастарымызды табиғаты мен климаты, жер жағдайы ұқсас  еліміздің Солтүстік, Шығыс бөлігіндегі елді-мекендерге шақырып, қоныстандырудың мақсатты шараларын қарастыруды ұсынамын.

Жоғарыда айтылған мәселелер қосымша қаражат қарастырып, біршама әлеуметтік мәселелерді шешуді талап ететіні рас. Дегенмен бұл шаралар Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тікелей бастамасымен іске асқалы отырған «Туған жер» жобасының негізгі мақсаттарына толық сай келетіні даусыз.

Құрметпен,                       

                                                                    Ә. БЕКТАЕВ