KZ | RU | ENG

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Қ. Мәсімовке хат

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Қ. Мәсімовке хат
10.12.2015

Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
К.Қ. Мәсімовке

Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!

Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың тапсырмасымен «Агробизнес – 2020» Бағдарламасы 2013 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, ағымдағы жылы АӨК субъектілерін қолдау үшін Ұлттық Қордан қосымша 20 млрд тенге қаржы қарастырылды. Осының арқасында мемлекетіміздегі агроөнеркәсіп кешені қарқынды дамып, Қазақстан экономикасының дамуындағы тартымды сала ретінде қалыптасты.
Фермерлер мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары, мамандары және ауыл тұрғындарымен кездесулер барысында осы күнге дейін мал шаруашылығының мүмкіндіктері толық пайдаланылмай келе жатқандығы туралы жиі айтылуда.
Қазақстан 180 млн. га жайылым жерді қамтиды, әлемдегі ең ірі мал етін импорттайтын мемлекеттер қатарындағы Ресей және Қытаймен шекаралас орналасқан. Қазақстанның осы екі мемлекетке ет экспорттау мүмкіндігі, сарапшылардың қортындысы бойынша, 5 млрд.  АҚШ долларын құрайды, бұл - астық экспортынан түсетін қаржыдан әлдеқайда артық.
 Өкінішке орай, мал шаруашылығының қазіргі жағдайы өз деңгейінде емес. Соңғы бес жылда ірі қара малдың басы төмендеген, 100 аналыққа есептегенде құлын алу - 13,6%, бұзау алу –  6,9%, қозы алу – 2,2% азайған.  Әр сауынды сиырдан орта есеппен  2 250 – 2 270 кг ғана сүт сауылады. Өндірістік көрсеткіштердің төмен болуының негізгі себебі ұсақ тауарлы шаруашылықтардың мүмкіндігін пайдаланбауда деп есептейміз.Еліміздегі өндірілетін сүт өнімінің 82%, еттің – 64,0% үй жағдайында өндіріледі. Жеке қосалқы шаруашылықтағы ірі қара малдың үлесі - 65%, қой мен ешкі - 61%, шошқа – 59%, жылқы – 54% құрайды. Десе де, ауылдағы мал өнімдерін өткізу, сақтау, қайта өңдеу шаралары өте төмен.

Екінші себеп - мал азығы мен жемшөп базасының төмендігі. Оның ішіндегі құрама жем мен жасыл жемшөп үлесінің аздығы мал өсірудегі ең үлкен кедергілердің біріне айналған. Жайылым жерлерді дұрыс пайдаланбау да отандық мал шаруашылығының  тиімсіздігін ұлғайтуда.
Үшінші себеп  - аграрлық сектордағы отандық мал тұқымдарын көбейту мен оны жетілдіру шараларына көңілдің бөлінбеуі. Шет елден алынатын малдар қазақстандағы мал шаруашылығының жағдайын шешуге    қауқарсыз.  Себебі, бұл едәуір қаржыны талап етеді және шет елден әкелінген малдар біздің табиғи, жергілікті және жемшөп жағдайларына бейімсіз.
Келесі себеп - ауыл тауар өндірушілеріне несие мен субсидия беру механизмдерінің дұрыс жолға қойылмауы. «КазАгро» Холдингінің еншілес компаниялары несиелендірудің жиырмадан астам бағдарламаларын ұсынады.  Олардың әрқайсысының тәртібі әртүрлі. Өткізілген сараптамалар бағдарламалардың ауыл тұрғындарына қолжетімсіз екендігін көрсетті. Бұрынғы салынған инвестицияларды қайта субсидиялау және субсидиялау бағдарламаларына үнемі өзгерістер енгізіп отыру көптеген сұрақтар туындатуда.
Жоғарыдағыларды ескере отырып, құрметті Кәрім Қажымқанұлы, келесі шараларды ұсынамыз:
1.    Шағын қосалқы шаруашылықтарды кооперациялаумен бірге тауар өндірушілер үшін  сервистік, сатып алу, несиелеу инфрақұрылымдарын құруға мемлекеттік қолдау көрсету қажет.
2.    Ғылыми негізде егіс айналымын, жемшөптік дақылды кеңейту, суармалы жерлерді, жемшөп өндірісін енгізуді ынталандырудың қосымша шараларын қарастыру маңызды.
3.    Еліміздегі климаттық жағдайдың қаталдығына байланысты малды бір жерде тұрақтандырып ұстау оның өзіндік құнын көбейтуге әкеліп соғуда. Осыған байланысты жайылымдарды суландырудың инфрақұрылымын, бұрынғы су ұңғыларын қалпына келтіре отырып, отарлы мал шаруашылығының үлесін көбейтуді ұсынамыз.
4.    Отандық аграрлық ғылым саласы жаңа мал тұқымдарын шығарып қана қоймай, оларды өндіріске кеңінен енгізулері қажет. Мамандардың пікірінше отандық   мал тұқымдары шетелден әкелініп жатқан малдардың қайсысымен болса да бәсекелесе алады. Айталық, Шығыс Қазақстан облысындағы сүтті сиырдың қара ала тұқымын өсіретін «Майлы дақылдар» ЖШС-де   1 бас сиырдан 6 000 кг сүт өнімін алып, шет елдік ең үздік көрсеткішпен теңескен. Ең бастысы ақ басты ірі қара малдың етті тұқымдарын жыл бойы жайылымда бағуға болады.
5.    Аграрлық салада кез-келген жаңалықтарды енгізу алдында 
міндетті түрде, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің пікірлерін ескеру, кез-келген қабылданатын шешімді осы саладағы сарапшылар талқысынан өткізу қажет деп есептейміз.

Құрметпен, Ә. Бектаев

 

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ә. Бектаевтың Үкімет басшысына 10.12.15 жылы жолдаған депутаттық сауалына қатысты берілген жауап

Қазақстан Республикасы
Парламенті Сенатының 
депутаты
Ә.Ә. Бектаевқа

Құрметті Әли Әбдікәрімұлы!

Сіздің мал шаруашылығындағы проблемалық мәселелерге қатысты депутаттық сауалыңызды қарап, мынаны хабарлаймын.
Шағын қосалқы шаруашылықтарды кооперациялаумен қатар тауар өндірушілер үшін кредиттік инфрақұрылымды, сатып алу мен сервисті дамытуға мемлекеттік қолдау көрсетуге қатысты
Ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту үшін жағдай жасау мақсатында 2015 жылғы 29 қазанда «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ауыл шаруашылығы кооперативтері мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдары (бұдан әрі – заңдар) қабылданды.
Көрсетілген заңдар жеке және заңды тұлғалардың пайданы бөлу мүмкіндігімен ауыл шаруашылығы кооперативтерін (бұдан әрі – кооператив) коммерциялық ұйым нысанында құруы және олар үшін арнаулы салық режимін сақтау арқылы агроөнеркәсіптік кешеннің (бұдан әрі – АӨК), оның ішінде мал шаруашылығының мүмкіндігін толық көлемде пайдалануға мүмкіндік беретін болады.
Заңдарды іске асыру шеңберінде Ауыл шаруашылығы министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) және «Атамекен» Қазақстанның ұлттық кәсіпкерлер палатасы кооперативтерді мемлекеттік қолдау және жеңілдікпен қаржыландыру шараларын әзірлеу, пилоттық жобаларды және бірлескен ақпараттық науқанды ілгерілету жөніндегі міндеттерді іске асыруға бағытталған аграрлық кооперацияны дамыту бойынша бірлескен іс-шаралар жоспарын қабылдады.

Сонымен қатар, АӨК субъектілері үшін «Агробизнес-2020» бағдарламасының шеңберінде қаржылық сауықтыру, қаржы институттарының алдындағы қарыздарды сақтандыру және кепілдендіру, инвестициялық субсидиялар, кредиттер мен лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемені төмендету түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары іске асырылуда.
Ғылыми негізделген ауыспалы егісті енгізуді, жемшөптік дақылдар алқаптарын, суармалы жерлер алаңдарын, жемшөп өндірісін кеңейтуді ынталандыру жөніндегі қосымша шараларды қарастыруға қатысты
2015 жылы жаңа Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді ұтымды пайдалану қағидалары бекітілді, оларға сәйкес мұндай жерлерді ұтымды пайдалану жайылымда оңтайлы жүктемені қамтамасыз етуді, топырақтың агрохимиялық жай-күйін сақтауды және ғылыми ұйымдар ұсынымдарымның негізінде бекітілген ауыспалы егісті міндетті түрде сақтауды қамтиды.
Бұдан басқа, 2012 жылы Министрлік, облыстардың әкімдіктері, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ және «Қазагроинновация» АҚ арасында алқаптар бойынша нақты индикативтік көрсеткіштері бар 2012–2016 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы дақылдары егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру бойынша меморандумдарға (бұдан әрі – Меморандумдар) қол қойылды.
Меморандумда көрсетілген әрбір жекелей алынған облыс бойынша көрсетілген егіс алқаптарының құрылымы өңірдің климаттық жағдайын және ауыл шаруашылығы дақылдарының биологиялық ерекшеліктерін ескере отырып қалыптастырылған және көкөніс, майлы және жемшөптік дақылдардың алқаптарын кеңейтуді көздейді. Сондай-ақ, ол ауыспалы егістің ғылыми негізделген аймақтық схемаларын игеру мәселелерін ескереді.
Жемшөп өндірісін жедел дамыту үшін жемшөп өндіру саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі шебер-жоспары әзірленді.
Сонымен бірге, Үкімет пен Ұлттық Банктің экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі 2016–2018 жылдарға арналған дағдарысқа қарсы іс-қимыл жоспарының шеңберінде сумен жабдықтау және ирригациялау мен гидромелиорациялау арқылы жерді суару бойынша жобаларды іске асыру үшін мемлекет кепілдігімен қарыздар (ИДБ, ЕҚДБ және т.б.) тарту көзделген. 
Жайылымдық жерлерді пайдалануды кеңейтіп, құдықтарды қалпына келтіру арқылы шалғайдағы мал шаруашылығын дамытуға қатысты
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жайылымдық жерлерді пайдалануды кеңейте отырып, шалғайдағы мал шаруашылығын дамыту, оның ішінде құдықтарды қалпына келтіру және салу, жайылымдарды суландыру инфрақұрылымын жаңғырту бойынша шаралар кешені іске асырылуда. 
Айталық, Министрлік, облыстардың әкімдіктері, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ және мердігер гидрогеологиялық ұйымдар арасында «Агробизнес-2020» бағдарламасы шеңберінде шалғайдағы жайылымдардағы суландыру құрылыстарын салу мәселелері жөніндегі ынтымақтастық туралы» меморандумдарға қол қойылды. Жалпы алғанда, 2014 – 2020 жылдар аралығында республика бойынша 4 мың бірлік суландыру құрылыстарын салу және реконструкциялау жоспарланған. 
Отандық асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау арқылы отандық асыл тұқымды ІҚМ басының үлесін ұлғайтуға қатысты 
Асыл тұқымды мал басының тапшылығын жою мақсатында 2011 жылдан бастап «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін дамыту» жобасының шеңберінде шетелдік селекцияның асыл тұқымды ірі қара мал басын әкелу жүзеге асырылды, нәтижесінде етті бағыттағы мал басының үлес салмағы 18 %-дан 35 %-ға дейін, оның ішінде асыл тұқымды етті бағыттағы мал басы 2%-дан 18 %-ға дейін артты және бүгінгі таңда ішкі нарық асыл тұқымды мал басымен жеткілікті түрде қамтамасыз етілген.
Сонымен қатар, отандық асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ынталандыру мақсатында 2014 жылы отандық асыл тұқымды мал бойынша субсидиялау нормативі шетелдік селекцияның асыл тұқымды малы бойынша тиісті нормативті төмендету есебінен
1 мал басына шаққанда 118 мың теңгеден 154 мың теңгеге дейін ұлғайтылды. 
Агроөнеркәсіптік секторда қандай да бір жаңашылдықтарды енгізудің алдында, қандай да бір қабылданатын шешімдерді аталған саладағы сарапшылармен талқылау жүргізу арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің пікірін міндетті түрде ескеруге қатысты
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 3-бабының 2-тармағына сәйкес кәсіпкерлік субъектілері мен мемлекеттің өзара іс-қимылы қағидаттарының бірі жеке кәсіпкерлік субъектілерінің норма шығарушылыққа  қатысуы болып табылады.
Осыған байланысты, АӨК субъектілерінің мүдделерін қозғайтын әзірленетін нормативтік құқықтық актілердің барлық жобаларын құрамына АӨК саласындағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері кіретін Министрліктің Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі сараптамалық кеңесі міндетті түрде қарайды.

К. Мәсімов