KZ | RU | ENG

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Қ. Мәсімовке

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі К.Қ. Мәсімовке
23.05.2016

Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі
К.Қ. Мәсімовке

Құрметті Кәрім Қажымқанұлы!

Жасалған талдаулар, мемлекет көрсетіп жатқан көмектің арқасында, өңірлерде жылқы санының едәуір көбейгендігін көрсетеді. Соңғы жылдары Қазақстандағы жылқылар саны жыл сайын 150-200 мың басқа көбейіп, 2,0 млн-нан асты. Мемлекет тарапынан кейінгі екі жылдың көлемінде жылқы шаруашылықтарын дамытуға 2,5 млрд. тенге қаржы бөлініп, асыл тұқымды мал басын көбейтуге, мал азықтарын алуға тиісті субсидиялау жүйесі енгізілген. Бірақ, бұл шаралар жылқы басының көбеюіне ықпал еткенімен, олардың өнімдерін өндіру, өткізу және нарық деңгейінде сату үшін жеткіліксіз болуда. Бүгінгі таңда Қазақстанда жылқылардың 98%-ы өнім алу мақсатында бағылып, жылына 93000 тонна жылқы еті өндіріледі. Бірақ, оның шаруалар үшін пайдасы мардымсыз, бей-берекет деп айтуға болады. Жылқы шаруашылығы жергілікті тұрғындардың ата-бабадан келе жатқан басты кәсібі болғанымен, негізгі табыс көзіне айналған жоқ. Экспорттық потенциалының төмендігіне байланысты жылқы өнімдерін шетелге шығару тіпті де мүмкін емес. Осының бәрін ескере отырып, Сізден:

1. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі тарапынан іске асып жатқан бағдарламаларға жылқы өнімдерін өндіру, оны қайта өңдеу, дүниежүзілік нарықта насихаттау, сату шараларын қарастыруды, осы арқылы жылқы малының қымызынан, қазы-қарта, жал-жаясынан жасалынған «қазақ деликатестері» өндірісін кеңінен ұйымдастыруды, оған тиісті деңгейде, жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетуді ұсынамыз. Еліміздің жер жағдайын, халқымыздың менталитетін, сан ғасырдан бері келе жатқан дәстүрін ескере отырып ұйымдастырылатын осы шаралар Елбасы Н.Ә. Назарбаев айтқан дүниежүзінде жоқ, Қазақстанның брендін қалыптастыруға мүмкіндік беретіні даусыз.

2. Ауыл тұрғындарының қазіргі жағдайын ескеріп, оларға қолдау көрсету мақсатында, республикадағы денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау және арнайы білім беру мекемелерінде жылқы еттері мен қымызды пайдалануға рұқсат беруді, ол үшін тиісті нормативтік құжаттарға өзгеріс енгізуді ұсынамыз. Бүгінгі таңда барлық денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау мекемелерінде жылына пайдаланатын 5100 тонна ет және ет өнімдерінің 84 тоннасы, яғни 1,5% ғана жылқы еті.

3. Елімізде қызмет етіп жатқан Ұлттық компаниялар мен шетелдік кәсіпорындарда еңбек ететін жұмысшылардың 80%-дан астамы жергілікті тұрғындар екендігін ескере отырып, олардың вахтамен жұмыс жасайтын бөлігін шетелдерден алынатын ет өнімдерімен емес, жергілікті мал шаруашылығының, оның ішінде жылқы өнімдеріменен қамтамасыз ету шараларын қарастыру қажет. Біздегі бар мәліметтерге сүйенсек, тек «Теңізшевройл» компаниясында бір ауысымда 5 мың адам жұмыс іcтейді. Өз жұмысшыларына жылына 650 тоннаға жуық етті, 5 млн АҚШ долларына шетелден, оның ішінде Канададан сатып алады екен. Осындай кәсіпорындар қаншама?

Қоғамдағы жылқы өнімдерінің денсаулыққа зияндығы туралы қалыптасқан жансақ пікірді өзгерту мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізу қажет. Жылқының ең таза мал екендігін, жануарлар арасында жиі кездесетін бруцеллез, туберкулез сияқты жұқпалы ауруларға шалдықпайтын қасиеттерін дәріптей түсу маңызды. Жылқы етінің ем-дәмдік қасиетінің ерекшелігін, ондағы ақуыздың жоғары (21%), майдың төмен мөлшерін (9,5%), холестериннің аздығын, жылқы етіндегі қанықпаған май қышқылдарының адам организмінің алмасу үрдістерін реттеуде, иммунитетін қалыптастыруда, кардиоваскулярлық және онкологиялық аурулардың қаупін азайтуда ерекше рөл атқаратындығын дәлелдеп отырған Қазақ тағамтану академиясы мамандарының тұжырымдарын жан-жақты насихаттау қажет. Академик Төрегелді Шармановтың бізге жазған сараптамалық қорытындысында: «Жылқы етінің химиялық құрамының ерекшелігін ескере отырып, оның негізінде тағамдық және биологиялық құндылығы жоғары емдәмдік және емдік – профилактикалық рациондар мен өнімдердің кешенін, оған қоса, балаларға арналған өнімдерді әзірлеудің пайдасы зор», - делінген.

Жоғарыда айтылған мәселелерге қатысты алдағы уақытта Үкімет тарапынан нақты шаралар жоспарланып, республика көлемінде жылқы шаруашылығын дамыту, жылқы өнімдерінің барлық түрлерін кең көлемде өндіретін, қайта өңдейтін және экспортқа ұсынатын ауқымды іс-шаралар қабылданатынына сенім білдіреміз.

Құрметпен,                                                                        Ә. Бектаев

 

 

ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ә. Бектаевтың Үкімет басшысына жолдаған депутаттық сауалына қатысты берілген жауап 

Қазақстан Республикасы
Парламенті Сенатының
депутаты
Ә.Ә. Бектаевқа

Құрметті Әли Әбдікәрімұлы!

Сіздің жылқы шаруашылығын дамытудың кейбір мәселелерін шешуге қатысты депутаттық сауалыңызды қарап, келесіні хабарлаймын.

Жылқы өнімдерін өндіру, өңдеу және дүниежүзілік нарықта насихаттау бойынша мемлекеттік қолдау көрсету

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі (бұдан әрі –АШМ) «Агробизнес-2020» бағдарламасы аясында жылқы шаруашылығын дамытудың 2020 жылға дейінгі Шебер-жоспарын (бұдан әрі – Шебер-жоспар) бекітті, онда тиісті мемлекеттік қолдау шаралары айқындалған.

Аталған Шебер-жоспарға сәйкес 2014 жылдан бастап республикада «Құлан» жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы жүзеге асырылуда, оның шеңберінде жылқы шаруашылығын дамытуға, оның ішінде жылқы басын сатып алуға, негізгі құралдарды сатып алуға немесе жөндеуге, сонымен қатар айналым қаражатын толтыруға 10 жылға дейінгі мерзімге кредит беріледі.

2014 – 2015 жылдар аралығында осы бағдарлама бойынша аналық жылқы басын және асыл тұқымды айғыр сатып алуға 1120 шаруашылық қаржыландырылды.

Сонымен қатар, инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі жұмсаған шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау бағдарламасында жылқы шаруашылықтарының техника мен құрал-жабдықтарды сатып алуға кеткен шығындарының 50%-ын өтеу көзделген. Өткен жылдың қорытындылары бойынша аталған бағдарламаға 139 жылқы шаруашылығы қатысты.

Одан басқа, асыл тұқымды жылқы шаруашылығын дамыту мақсатында асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау бағдарламасы аясында асыл тұқымды жылқы сатып алуға, жылқы еті мен қымыз өндірісінің құнын арзандатуға субсидия көзделген.

Мәселен, 2015 жылы жылқы еті және қымыз өндірісінің құнын арзандатуға – 689,3 млн. теңге, асыл тұқымды жылқы сатып алуға – 254,0 млн. теңге бөлінді.

Сондай-ақ, бүгінгі таңда бірнеше инвестициялық жобалар іске асырылуда. Мәселен, 2015 жылы «Евразия Инвест Ltd» ЖШС Қарағанды облысының Осакаровка ауданында құрғақ бие сүтін өндіретін жобаны іске асырды. Өндірілген өнім экспортқа бағытталған және кәсіпорын жылына 10 тонна құрғақ бие сүтін өндіруді жоспарлауда.

Одан басқа, «Кублей» ЖШС (Батыс Қазақстан облысы) және «Бижан» ЖШС (Алматы облысы) жылқы етін өңдейтін ірі кәсіпорындар болып табылады, «Жылқы еті бешбармағы», «Қазы» және «Қуырдақ» секілді консервіленген өнімдері Қырғыз Республикасына, Түркіменстанға және Ресей Федерациясына экспортталады.

Қазақстандық брендті қалыптастыруға қатысты

«Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» бағдарламасы аясында экспорттық бағытты күшейту үшін экспорттық брендтерді, платформа ретінде «KazBrands» жүйесін құру жұмыстары жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің «KAZNEX INVEST» экспорт және инвестициялар бойынша ұлттық агенттігі» АҚ (бұдан әрі – KAZNEX) отандық өнімдерді сыртқы нарыққа жылжыту және экспорттық брендтерді қалыптастыру бойынша негізгі оператор болып табылады.

«KazBrands» жүйесі аясында KAZNEX «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Атамекен» ҰКП-мен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірге әлеуетті брендтерді іріктеу және қолдау шараларын әзірлеу жұмыстарын жүргізуде.

Ұлттық компаниялар мен шетелдік кәсіпорындарда, мекемелерде жылқы еті мен қымызды тұтынуға қатысты

Соңғы жылдары тағамдық және биологиялық құндылығын зерттеу негізінде, бие сүтін сәбилердің алғашқы өмір сүру күнінен бастап қосымша мамандандырылған тағам ретінде, сондай-ақ өкпе туберкулезі мен онкологиялық аурулармен ауырғанда қолдануға болатыны анықталды.

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің (бұдан әрі – БҒМ) ақпараты бойынша қазіргі уақытта республикадағы емдік-сауықтыру орталықтарында қымызды пайдалану емдік іс-шаралар ретінде іс жүзінде кеңінен таралған.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы № 320 қаулысына сәйкес мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында және интернаттық үлгідегі білім беру ұйымдарында тәрбиеленетін және оқитын балаларды тамақтандыру нормаларында ет көзделген. Осыған сәйкес балалардың тамақтану рационына күнделікті жылқы етін қосуға рұқсат етіледі.

Сонымен қатар, БҒМ және Қазақ тағамтану академиясы оқушыларды бір мәрте тамақтандыру нормаларын әзірлеу барысында қымызды оқу сабағы кезеңінде қолдану мәселесін қарастырған болатын. Алайда, ашытылған өнім ретінде қымыз құрамында спирттің (аз мөлшерде) болуына байланысты, аталған өнімді оқу сабағы кезеңінде тұтынуды ұсынбады.

Бие сүтінің емдік қасиеттерін ғылыми негіздеу және толық зерттеу мақсатында ғылыми-зерттеу іс-шараларын қаржыландыру бюджеттік бағдарламасы аясында Қазақ тағамтану академиясына 2015 – 2017 жылдарға «Жаппай тұтыну және емдік-профилактикалық мақсатта өнімдерді өндіру кезінде құрғақ бие сүтін алу технологиясын әзірлеу» және «Бие сүтінің негізінде мектепке дейінгі және мектептерде тамақтандыруды ұйымдастырудың медициналық-биологиялық және биотехнологиялық әдістемелері» тақырыптары бойынша АШМ арқылы 216,8 млн. теңге бөлді.

2015 жылы тиісті бюджеттік бағдарлама аясында бие сүтінің негізінде балалар тағамдарын жасаудың рецепттері және жаңа технологиясы әзірленді.

Балалар тағамы өндірісін дамыту мақсатында Қазақ тағамтану академиясы Алматы қаласында балаларға диеталық тағамтану орталығын салу жұмысын бастады. Орталықта бие сүтінің негізінде «Құлыншақ» брендімен балалар йогурттары, сүзбелер, сусындар және кондитерлік өнімдер өндірістері жоспарлануда.

Одан басқа, қазіргі уақытта 2015 жылғы 8 желтоқсандағы Жұмыспен қамту 2020 жол картасын іске асыру жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысының хаттамасына сәйкес АШМ мектепке дейінгі және орта білім беру мекемелері, медициналық мекемелер, құқық қорғау органдары, қарулы күштер және қылмыстық-атқару жүйесі мекемелері сатып алатын тамақ өнімдеріне қойылатын талаптарды әзірлеуде, онда мемлекеттік сатып алуды жүргізу кезінде тамақ өнімдерінің балғындығы мен табиғилығы өлшем шарттарын белгілеу көзделген.

Бұл талаптардың енгізілуі отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға негіз болады және отандық өнімдерді ішкі нарықта тұтынудың көлеміне оң әсер етеді.

Сонымен қатар, уәкілетті орган ақпараттық насихат іс-шараларын жүргізу жолымен отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өткізу нарықтарын дамыту, оның ішінде ұлттық компаниялар мен шетелдік кәсіпорындарда жылқы өнімдерін тұтыну көлемін арттыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

К. Мәсімов