KZ | RU | ENG

«Агробизнес – 2020» салалық бағдарламасы ауылдың бар қажетін қамтымай отыр - Ә.Бектаев

«Агробизнес – 2020» салалық бағдарламасы ауылдың бар қажетін қамтымай отыр - Ә.Бектаев
16.06.2016

ҚР Парламенті Сенатының депутаты

Әли Әбдікәрімұлы Бектаевтың

16.06. 2016 ж. өткен

Сенат отырысында сөйлеген сөзі

 

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!

Құрметті Үкімет мүшелері,

Әріптестер!

 

Дүниежүзілік дағдарыс салдарының алдын алуға бағытталған үш жылдың алғашқы жылын қорытындылап отырмыз. Ел экономикасының өсімі сақталып, жалпы ішкі өнім 1,2%-ға өскен. Экономикалық өсім Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қабылданған нақты бағдарламалардың есебінен қалыптасып отыр. Мемлекеттік индустриялық-иновациялық және  «Нұрлы жол» бағдарламаларының  арқасында негізгі капиталға құйылған инвестицияның көлемі 3,7 %-ға, құрылыс көлемі 4,7%, тұрғын үй  құрылысы 18,9 %-ға артып, жұмыссыздық деңгейі 5% көлемінде сақталды.

Экономиканың дамуына Елбасының тапсырмасымен құрылған Ұлттық қордың көмегі үлкен сеп  болуда. 2015 жылғы Республикалық бюджеттің кіріс бөлігінің 43%-ын Ұлттық қордан бөлінген трансферттер құрап отыр. Талаптардың қатаюына байланысты бюджет шығыстарының орындалмау көрсеткіші 2014 жылмен салыстырғанда 2,5 есеге азайған, ал игерілмеген бюджет қаржысының көлемі 4 есеге төмендеген.

Өкінішке орай, Есеп комитетінің 2015 жылғы бюджеттің орындалуы жөніндегі қорытындысы көрсеткендей, қазына қаражатын тиімсіз пайдалану фактілері азаймай келеді. Тек былтырдың өзінде мемлекеттік органдар  459 млрд. теңгені тиімсіз пайдаланған, 7,8 млрд теңге игерілмей қалған.

Мемлекеттік сатып алудың уақтылы және сапалы өткізілмеуінен дебиторлық берешектер 200 млрд. теңгеден асқан. Ал 64 инвестициялық жобалардың құрылысы аяқталмаған. Нысаналы трансферттер бойынша жергілікті атқарушы органдардың жіберген қаржылық бұзушылықтары 2014 жылмен салыстырғанда 67 %-ға өсіп, 410 млрд. теңгені құрап отыр.

Бұндай фактілер жылдан жылға көбейіп келетін сияқты. Бізді ойландыратыны бірақ нәрсе. Неге заң бұзушылықтар қайталана береді? Есеп комитетінің қорытындысында да оның себептері мен салдарлары туралы нақты айтылмаған.

Біздің ойымызша бюджет қаражаты керекті салаларға бөлінбейді, ал кейбір салаға қажеттілігіне қарамай артық бөлінеді, шамадан тыс бөлінген қаржы игерілмейді.

Қаржы тапшылығын көріп отырған саланың бірі – ауыл шаруашылығы.

Аграрлық секторды дамытуда, ауылдың жағдайын жақсартуда мемлекет тарапынан атқарылған жұмыстар аз емес, ал атқарылатын шаруа одан да көп. Ауыз судың тапшылығы, жол қатынасының  нашарлығы, электр желілерінің тозғандығы, үй салуға жердің бөлінбеуі сияқты түйінді мәселелер ауыл тұрғындарын алаңдатып отыр. Әсіресе  шекара  аумағында орналасқан ауылдардың жағдайы көңіл құлазытады. Ал ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу жоқтың қасы деп айтуға болады.

Өкінішке орай «Агробизнес – 2020» салалық бағдарламасы ауылдың бар қажетін қамтымайды. Оның үстіне бағдарламаға бөлінген қаржы жылдан-жылға  қысқарып келеді. Тек соңғы екі жылдың бюджетінде межелі қаржы 127 млрд.теңгеге азайтып қаралған.

Аграрлық саланы мемлекеттік қолдаудың деңгейі жалпы ішкі өнімнің  5%-на да жетпейді, көптеген елдердің соңында тұрмыз.

Мемлекет тарапынан, ұлттық қордан төменгі пайыздық мөлшермен бөлініп жатқан бюджеттік несиелердің шаруаларға жетуі қиын. 1-3%-дың деңгейінде бөлінген  несиелер түрлі холдингтер, қорлар және  екінші деңгейдегі банктер арқылы ауыл тұрғындарына жетемін дегенше 8-12%-ды құрайды. Несие алудың механизмдері, оларға қойылған талаптар өте қиын, рәсімделетін құжаттар өте көп.

Қолжетімді несиеге қолы жетпеген ауылшаруашылығы субьектілері екінші деңгейдегі банктерден қымбат несиелер алуда. Тек 2015 жылдың өзінде олар 600 млрд. теңгеге жуық несие алған. Оны қайтару, онысызда тұралап тұрған аграрлық сектор үшін өте қиын екендігі белгілі.

Бүгінгі таңда ауылшаруашылығы техникаларының 80% тозған. Астық ору комбайндарының  71%-ның, тракторлардың 53%-ның, егіс егу агрегаттарының 95%-ның қызмет ету мерзімі өткен. Саланың ауылшаруашылығы техникасына деген сұранысы 1,2 трлн. теңгеден асып жығылады.

Бірақ осындай қиындықтарға қарамай, ауылшаруашылығы жұмыс жасап, өнім өндіруде.

2015 жылдың қорытындысы бойынша, қаржы дағдарысының әсерінен Қазақстандағы өндіріс көлемі 1,7%-ға төмендегенде, ауылшаруашылығы өнімдерінің көлемі 4,4%-ға өскен. Олай болса бюджет қаражаттарының ауқымыды бөлігін аграрлық секторға бөлетін уақыт келді.

Жалпы алғанда ауылдың инфрақұрылымын дамыту, ауылшаруашылығының өндірісін арттыру бағытында нақты есептелген, тиісті қаржымен кепілдендірілген ауқымды бағдарлама қажет. Біз ауылды дамытудың мемлекеттік кешенді бағдарламасын қабылдауды ұсынамыз. Себебі ауыл – бәріміздің рухымыздың негізі, ауылшаруашылығы –мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігі, аграрлық өндіріс – экономикамыздың  ертеңі мен болашағы.

 

Тыңдағандарыңызға рахмет!