KZ | RU | ENG

Ауыл шаруашылығын дамыту – өркендеудің түпқазығы

Ауыл шаруашылығын дамыту – өркендеудің түпқазығы
12.01.2018

"Ауыл" ХДПП Төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әли Әбдікәрімұлы Бектаев жұмыс сапарымен Ордабасы ауданында болып, тұрғындармен кездесті. Сондай-ақ, аудандағы шаруа қожалықтарды аралап, жұмысымен танысты.    

         Тұрғындармен кездесу барысында Әли Бектаев, «Қазақстан осы жылдың қаңтарынан бастап Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесіне төраға боп сайланды. Еліміз кез келген мәселе бойынша баға бере алатын жағдайға жетті. Экономикалық, әлеуметтік саладағы жетістіктеріміз тарих беттерінде қалды. Елбасының әрбір шешімі, Жолдауы нақты жүйелерден тұрады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы қабылданғанда Мемлекет басшысы: «Біз 50 елдің қатарына кірдік. Ендігі мақсат 30 елдің қатарына кіруі. Ол үшін аянбай жұмыс істеу керек», - деді. Сонымен қатар, білімге, жастарға деген көзқарасты өзгертетін мезгілдің жеткендігіне тоқталды. Айтуынша, өндірісті, ауыл шаруашылығын, әлеуметтік саланы дамыту – өркендеудің түпқазығы.  Осыған байланысты Парламент депутаттары өткен жылы 94 заң қабылдаған екен.

Кездесу кезінде партия Төрағасы Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауындағы 10 негізгі міндетке кеңінен тоқталды.

         Республикалық «Ел бірлігі» қоғамдық ұйымы аудандық филиалының төрағасы Гайдан Дәнешұлы мен зейнеткер Медеу Сағынбеков «Болашақ ұрпақтың саналы тәлім-тәрбие алуы, мұғалімдердің жағдайына баса көңіл бөлу», «Ағын су жүйелерінің реттелуі» мәселелерін көтерді. Ал, Қажымұқан ауыл округінің ардагерлер кеңесінің төрағасы Лесбек Жүсіп Амангелді атындағы орта мектептің оқушылары үш ауысымда оқытылатынын айтып, халық қалаулысынан жаңа мектеп салып беруге ықпал етуін сұрады.        
         Сенат депутаты көтерілген мәселелерді зерделеп, қажеттілігін ескеріп, Үкімет басшысына депутаттақ сауал жолдайтындығын жеткізді.


         Жұмыс сапары барысында Әли Әбдікәрімұлы «Миграж-Б» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мал бордақылау алаңының жұмысымен танысты. Шаруашылық төрағасы Ғалымжан Сардарбек 2017 жылғы қыркүйекте ғана ашылған серіктестік ірі қара және жылқы бордақылаумен айналысатынын атап өтті. Қазіргі таңда 3 азаматты тұрақты жұмыспен қамтыған. Бүгінде 200 ірі қара бордақылануда. Кәсіпкердің алдағы жоспары 2021 жылға дейін бұл көрсеткішті 1000-ға жеткізу. 


         Аудан әкімі Рашид Қайыпжанов Ордабасы ауданы бойынша ет бағытында 55 шаруа қожалықтарын біріктірген «Сәтті жол-1» және «Бабас-экспо» ауыл шаруашылық кооперативтері жұмыс жасайтындығын және өткен жылы 282 мал бордақылау алаңының ашылғанын атап өтті. 

"Ауыл" ХДПП Баспасөз қызметі