KZ | RU | ENG

Ауыл» партиясының Алматы қалалық филиалында Жолдаудың басым бағыттары талқыланды

	Ауыл» партиясының Алматы қалалық филиалында Жолдаудың басым бағыттары талқыланды
31.01.2018

«Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясының Алматы қалалық филиалы АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауын талқылауға арнаған дөңгелек үстел өткізді. Отырысқа «Ауыл» ХДПП Төрағасының орынбасары Төлеген Сыдықов, партия белсенділері,  ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.

Партия төрағасының орынбасары Төлеген Сыдықовтың атап өткеніндей, Мемлекет басшысының Жолдауы қоғамның стратегиялық дамуына бағытталған және онда көрсетілген міндеттерді сәтті жүзеге асыру қоғамдық серпіліс әкеліп, мемлекеттің әл-ауқатының аруына мүмкіндік береді. «Елбасы Жолдауының басым бағыттарын халыққа егжей-тегжейлі түсіндіріп, іске асыруға атсалысу барлығымызға жүктелген ортақ міндет. «Ауыл» партиясы да еліміздің саяси партияларының бірі ретінде Елбасы ұсынған міндеттердің орындалуына барынша үлес қосуы тиіс. Бұл жерде партияның саяси ұстанымы қандай болуы керек деген сауал туындайды. Біз Жолдаудың мазмұнын талқылап қана қоймай, маңызды міндеттерді жүзеге асыру бойынша өз көзқарастарымызды, ұсыныстарымызды жеткізуіміз қажет. Бұл тұрғыда партияның барлық мүшелеріне, саяси кеңесіне үлкен жауапкершілік жүктеледі», - деді Төлеген Сейідомарұлы.

Дөңгелек үстел отырысы барысында «Ауыл» партиясының АҚФ саяси кеңесінің мүшесі, э.ғ.д., профессор, АӨК экономикасы және ауылдық аумақтарды дамыту ғылыми-зерттеу институтының Бас директоры А.Б.Молдашев баяндама жасады. Ол 2018 жылғы Жолдауда аталған 10 басты міндеттерге жеке-жеке тоқталып, оның стратегиялық мәні мен маңызы жөнінде пікірін білдірді. Сондай-ақ, Қазақстандағы экономикалық үрдістердің жай-күйіне талдау жасап, Жолдаудағы міндеттерге сәйкес, экономиканың өсу тетіктерін қарастыру қажет екендігін айтты.

Басқосу кезінде аграрлық ғылымдар одағының ардагері – М.А.Кенеевке «Құрметті Ардагер» наградасы табысталды. 

"Ауыл" ХДПП Баспасөз қызметі