KZ | RU | ENG

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ!

ДЕПУТАТТЫҚ САУАЛ!
16.02.2018

15 ақпан күні Парламент Сенатының отырысында Сенат депутаты, «Ауыл» ХДПП Төрағасы Әли Әбдікәрімұлы Бектаев  «Қазақстан Республикасындағы гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жөнінде арнайы бағдарлама қабылдау туралы мәселе көтеріп, Үкімет басшысы Б.Ә.Сағынтаевқа  депутаттық сауал жолдады.

            Халық қалаулысының маңызды мәселелерді өзек еткен ұсыныстарын оқырмандар назарына  ұсынып  отырмыз.

 

            Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

 

Осы депутаттық сауалды жолдауға өңірде болған  кездесулерде тұрғындардың су тасқындарының алдын алу жайлы айтқан ұсыныс-пікірлері негіз болып отыр. Шынында да соңғы 10 жылдың көлемінде еліміздің әр өңірлеріндегі елді-мекендерді су басып, тұрғындардың үйлеріне, жолдар мен көпірлерге, басқа да ғимараттарға қауіп төндірген жағдайлар жиі қайталануда.

Таңқаларлығы, су басқан елді-мекендердің  көпшілігіне төтенше қауіп су қоймаларынан, не болмаса үлкен өзендер арнасынан емес, толассыз жауған жаңбырдың, болмаса еріген қар суларының жиналуы есебінен орын алып отыр. Мысалы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сарыағаш ауданы Қызыләскер елді-мекенінің маңында бірде бір су қоймасы жоқ, ал 2 шақырым жердегі «Келес» өзені елді-мекен орналасқан деңгейден төмен жатыр. Бірақ 2008 жылдың ақпан айында сай-салалармен жинақталып келіп ұрған топан судан 1400-ден астам тұрғын үй, 4 мектеп және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандар зардап шегіп, қаншама жолдар мен көпірлер қирады. Ауданда кеткен шығынның орынын жабу үшін мемлекеттен 7,6 млрд. теңге қаржы бөлінді. Сол сияқты Ордабасы ауданының Темірлан елді-мекенінде, Арыс қаласының Монтайтас ауылындағы болған су тасқындарының себебі де арнасынан асқан өзендер не су қоймалары емес тұғын.

 

         Сонымен қатар, 2010 жылы Шығыс Қазақстан облысындағы Тарбағатай ауданында апаттан 673 тұрғын үй, 754 шаруашылық ғимараттары зардап шегіп, 42 қыстақ су астында қалды. 2015 жылы Қарағанды облысындағы 33 елді-мекенді су басып, көпірлер қирап, 4000-нан астам адам баспанасынан айырылды.Тағы осындай апаттар туралы мәліметті басқа да облыстардан келтіруге болады.

Топан су алған елді-мекендерде жүргізілген зерттеулер соңғы 20-25 жылдың  көлемінде тұрғын үй мен коммерциялық нысандардың жаппай салынуына байланысты аймақтар ланшафтының айтарлықтай өзгергенін көрсетті. Жоспарсыз салынған құрылыстардың арқасында елді-мекендердің ирригациялық жүйелері істен шығып, гидро-техникалық құрылыстары бұзылған, арық-атыздар көл-қоқысқа толып, су өткізу қабілеттері төмендеген. Жаңадан түсіп жатқан көптеген мөлтек аудандарда су қауіпсіздігі талаптары ескерілмей, су бұруға арналған бөгеттер салынбаған, ал жергілікті маңызы бар автокөлік жолдарындағы су өткізетін құбырлардың көлемі талапқа сай емес.

Ауыл ішіндегі ирригациялық жүйелерді айтпағанда, арнайы мақсаттағы су нысандары жағдайының мүшкіл екендігі БАҚ-да жиі айтылып жүр.  

Төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің аумақтық бөлімшелерінің мәліметі бойынша елді-мекендерге жақын орналасқан 1094 гидротехникалық  құрылғылардың 34-де еге жоқ, 363-і күрделі жөндеуді қажет етеді. 560-қа жуық су қоймаларының 108-і иесіз, ал 211 жеке меншіктегілерінің жағдайы белгісіз. «Қазсушар» Республикалық  мемлекеттік кәсіпорынына қарасты 1736 шаруашылықаралық каналдар мен  коллекторлардағы, 48 мыңнан астам көлдердегі, 4 мыңға жуық жасанды су қоймалары мен тоғандардағы гидротехникалық құрылымдардың көпшілігі өткен ғасырдағы 60-70 жылдары салынған және 4 класқа жатады.

Бұл нысандардың пайдалану мерзімі 50 жыл екендігін ескерсек, қазіргі жағдайының қаншалықты қауіпті екендігін сезуге болады.

                Құрметті Бақытжан Әбдірұлы!

 

Еліміздегі су шаруашылығы нысандарының, гидротехникалық құрылымдар мен құрылғылардың, елді-мекендердегі ирригациялық жүйелердің жағдайына тұрғындардың қауіпсіздігі, тұрмыс-тіршілігі, экономика саларының өсіп-өркендеуі тікелей байланысты екендігін ескере отырып, төтенше жағдайлардың  алдын алу мақсатында:

1. Әр  өңірдегі су шаруашылығы нысандарының жай-күйін, олардың техникалық сипаттамалары мен мүмкіндіктерін, жұмыс істеу жағдайын, қауіп-қатер дәрежесі мен пайдалану жарамдылығын анықтау мақсатында мамандандырылған ұйымдарды тарта отырып инвентаризациядан өткізуді;

Алынған мәліметтер негізінде қауіптілік деңгейіне қарай су нысандарының каталогын жасауды;

2. Қазақстандағы барлық гидротехникалық нысандарды меншігіне қарамай толық мемлекеттік тіркеуден өткізуді, мүдделі тараптардың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында су шаруашылығы нысандарының бірыңғай ақпараттық базасын құруды;

3. Өңірлердегі байырғы су мамандарын қатыстыра отырып әр бір елді-мекендегі ирригациялық жүйелердің жағдайын зерттеп, су өткізу қабілеттерін анықтап, «ирригациялық жүйелер картасын» жасауды, сол арқылы ауылдарда, кенттерде, мөлтек аудандарда болуы мүмкін төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын қарастыруды;

4. ҚР Үкіметі деңгейінде «Қазақстандағы гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамассыз ету туралы» арнайы жол картасын дайындап, оларды жөндеу, қайта жөндеу, ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру үшін тиісті қаражат бөлдіруді ұсынамын.

 

Құрметпен,                 Ә.БЕКТАЕВ