KZ | RU | ENG

«Ауыл» ХДПП саяси Кеңесі Президиумының кеңейтілген отырысы өтті

«Ауыл» ХДПП саяси Кеңесі Президиумының кеңейтілген отырысы өтті
22.02.2018

         21 ақпанда «Ауыл» ХДПП саяси Кеңесі Президиумының  кеңейтілген отырысы өтті. Партия Төрағасы Әли Бектаевтың басшылығымен онлайн режимде өткен мәжіліске партияның барлық өңірлердегі филиалдарының өкілдері қатысты.  

         Президиум отырысында партия филиалдарының 2017 жылы атқарған жұмыстары қорытындыланды. Сондай-ақ, қоғамдық-саяси, идеологиялық, ақпараттық-сараптамалық шаралар ұйымдастыруды жетілдіру, партияға жаңа мүшелер тарту, жалпы аймақтық филиалдардың жұмыстарын жандандыру мәселелері қаралды. Мәжіліс барысында партияның Орталық аппаратының жетекшісі Фарид Ақбердиев филиалдардың 2017 жылғы жұмыстарына тоқтала келе, бірқатар кемшіліктері жайлы айтты.

         Партия Төрағасы Әли Бектаев филиалдардың өткен жылы атқарған жұмыстарына оң бағасын берді. Әсіресе, Алматы қаласы, Жамбыл, Қостанай, Павлодар облыстары, ОҚО және ШҚО филиалдарының жұмысын ерекше атап өтті. «2017 жылы партияға 10 мыңға жуық адам мүшелікке өткен. Бұл жұмысты әрі қарай да осы қарқынмен жалғастыру қажет», - деді партия Төрағасы. Сондай-ақ, партия филиалдарына бірқатар тапсырмалар жүктеді. Атап айтсақ, дөңгелек үстелдер өткізу, аймақтардағы түйткілді мәселелерді анықтап, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы оның шешу жолдарын ұсыну, айтулы мереке кездерінде ұлы адамдарды үйлеріне барып құттықтау, танымал адамдарды жастар қанатының белсенділерімен кездесуге шақыру, облыстық филиалдарының басшылары мен студенттердің кездесуін ұйымдастыру, ұлттық-мәдени орталықтардың жұмысына қатысу. Сонымен қатар, Халықаралық Әйелдер күні мерекесі қарсаңында танымал нәзік жандылармен кездесу, мереке күндері интерналист жауынгерлермен, тыл еңбеккерлерімен, БАҚ қызметкерлерімен кездесу өткізу және «Ауылым – алтын тұғырым» әдеби конкурсының қатысушыларымен кездесулер ұйымдастыру қажет. Әли Бектаев, филиалдар ұйымдастыратын қоғамдық-саяси шараларға Еңбек озаттары форумында мемлекеттік және ведомстволық марапатқа ие болған тұлғаларды тарту қажеттігін және олардың жұмыстарын насихаттап, үлгі ету керек екендігін жеткізді.

         Мәжіліс барысында «Жас ауыл» жастар қанаты туралы ережеге өзгерту енгізу мәселесі қаралды. Сондай-ақ, партияның алдағы уақытта  атқарылатын жұмыстары пысықталды. Елбасы Жолдауын талқылап, түсіндіру жұмыстары жалғасын таппақ. Әлеуметтік желідегі жұмысты жандандырып, интернет қолданушыларымен белсенді жұмыстар жүргізілуі керек. Ұйымдастырылған шаралар партия сайтынан, желідегі парақшасынан көрініс табуы тиіс, - делінді мәжілісте.

         Мәжіліс кезінде «Өз талыңды отырғыз» атты жалпыұлттық акция өткізу жөнінде бастама көтеріліп, «Ауыл» ХДПП саяси Кеңесі Президиумының үндеуі қабылданды. Оңтүстік өңірлердегі филиалдарға аталған акцияны Наурыз мерекесі қарсаңында  өткізу ұсынылса, басқа өңірлерге ауа райы қолайлы күні өткізу жөнінде тапсырма берілді.

         «Ауыл» партиясының имиджін көтеріп, беделін арттыру барлық филиалдарға жүктелген ортақ міндет. Партия жұмысын ілгерілету мақсатында жұдырықтай жұмылып, нақты әрекет етуіміз керек, - деп қорытындылады партия Төрағасы.

«Ауыл» ХДПП Баспасөз қызметі