KZ | RU | ENG

«ЕҢБЕКПЕН ЖЕТКЕН БИЗНЕС БИІГІ»

«ЕҢБЕКПЕН ЖЕТКЕН БИЗНЕС БИІГІ»
05.03.2018

         «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енген бірегей тұлғалармен жастарды жүздестіріп, олардың ғылым, шығармашылық, кәсіпкерлік саласындағы жеткен жетістіктерін өскелең ұрпаққа таныстырып, үлгі ету мақсатында үлкен бастаманы қолға алып отыр. 
         Бүгін «Ауыл» партиясының ұйымдастырумен С.Сейфуллин атындағы Қазақ Агротехникалық университетінде «Қазақстанның 100 жаңа есімінің» қатарына енген тұлғалардың бірі - танымал топтамашы-этнограф, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, «Ауыл» партиясының саяси Кеңесі Президиумының мүшесі Баһаргүл Төлегенқызымен кездесу өтті. Келелі кездесудің мақсаты - Бахаргүл Төлегенқызының өнегелі өмір баспалдақтарын, бизнесте табысқа жету жолдарын университет қабырғасында тәлім алып жүрген жас ұрпаққа түсіндіріп, қажырлы еңбектің үлгісін көрсету. Халықаралық әйелдер күні қарсаңында ұйымдастырылған мерекелік жүздесуге «Ауыл» ХДПП Төрағасының бірінші орынбасары Толымбек Ғабділәшімов, оқу орнының тәрбие ісі жөніндегі проректоры Жайнагүл Құсайынова, партияның Орталық аппаратының жетекшісі Фарид Ақбердиев, партия өкілдері, университеттің оқытушылық құрамы мен студенттері қатысты. 


Баһаргүл Төлегенқызы Қытай Халық Республикасының Шәуешек қаласында дүниеге келген. 1994 жылы Пекин аграрлық университетінің биология факультетін бітіріп, сол жылы ата қонысы Қазақстанға оралады. Еңбек жолын қазақтың ежелгі қолданбалы өнерін зерттеуден бастаған қазақ қызы бүгінде тынымсыз еңбегінің жемісін көруде. 2000 жылы елімізде алғашқы болып ұлттық кәдесыйлар мен бұйымдар жасап шығаратын «Әдемі-Ай» компаниясының негізін қалап, қазіргі таңда қазақтың рухани құндылықтарының жаңғыруына атсалысып, ұлттық мәдениетті насихаттауға зор үлес қосып келеді.


Кездесуде сөз алған «Ауыл» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Толымбек Ғабділәшімов, табысқа жету ерекше талпынысты қажет ететіндігін атап өтті. Айтуынша:
«Бизнесте бренд жасап, оны сақтап тұру оңай емес. Баһаргүл Төлегенқызы осындай қиын дүниені іске асырды. Бүгінгі күні ол жігерлі қазақ әйелінің символына айналды десек болады. Әрбір қазақ қызы сізден үлгі алу керек», - деді Толымбек Ғабділәшімов. 


Баһаргүл Төлегенқызы қазақтың жәдігерлерін бала кезінен бастап жинаған екен. Ұлттық құндылықтарын насихаттауды азаматтық парызы санайтын ол, бизнес жолына түсуге қолданбалы өнеріне деген сүйіспеншілігі себеп болғандығын жасырмады. 
«Бизнес деген үлкен іскерліктің жемісі. Оған қажымас қайрат, темірдей төзімділік керек. Жастайымнан қолымда бар қаражатпен жәдігерлер жинаған болатынмын. Қазақ халқының салт-дәстүрлерін өз бояуында көріп өскендіктен болар, кейіннен осы халқымыздың бұйымдарын ел арасында кеңінен насихаттауға бел будым. Басында бұйымдарды коллекция ретінде жинап жүрдім, кейіннен оны үлкен музей қылып ашсам деген арманым болды. Бүгінде сол мақсатыма жеттім», - дейді Баһаргүл Төлегенқызы. 


Мастер-класс форматында өткен кездесуде жастардың бизнеске деген қызығушылығы айқын аңғарылды. Олар бизнесте бренд қалыптастыру бағытында сұрақтар қойып, қызықты мағлұматтарға қанықты. Сондай-ақ, пайдалы кеңес айтып, тәжірибесімен бөліскен Баһаргүл Төлегенқызына алғыстарын білдірді. 

Кездесу барысында, жиналғандар назарына «Әдемі-ай» компаниясының қызметі жайлы деректі фильм ұсынылды. Сонымен қатар, оқу орны қабырғасында «Әдемі ай» өнімдерінің шағын көрмесі ұйымдастырылды. Оған ұлттық нағыштағы зергерлік және жібек-тоқыма бұйымдар, үстел заттары, «Экспо 2017» көрмесіне арнайы дайындалған кәдесыйлар, электронды-техникалық заттар, жалпы жиыны 60-қа жуық экспонат қойылды.

"Ауыл" ХДПП Баспасөз қызметі