KZ | RU | ENG

«АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ НӘЗІК ЖАНДАРҒА СЫЙ-ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ

«АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ НӘЗІК ЖАНДАРҒА СЫЙ-ҚҰРМЕТ КӨРСЕТТІ
07.03.2018

«Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы әр жыл сайын қоғамдық өмірге белсене араласып, еліміздің әр саласының дамуына өзіндік үлес қосып жүрген нәзік жандарды, көп балалы аналарды Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтап, сый-құрмет көрсетіп келеді. Биыл да қалыптасқан дәстүр бойынша «Ауыл» партиясының Төрағасы Әли Бектаев әйелдер қауымына арналған мерекелік қабылдау өткізіп, оларды көктемнің көрікті мерекесімен құттықтады. 

         Мерекелік жүздесуге белгілі жазушы-драматург, бірнеше мемлекеттік және халықаралық сыйлықтардың лауреаты Роза Мұқанова, танымал топтамашы-этнограф, табысты кәсіпкер, ҚР Мәдениет қайраткері, «Әдемі-Ай» компаниясының президенті Бахаргүл Төлегенқызы, ауылшаруашылық ғылымдарының докторы, ниженер-технолог, 40-тан астам ғылыми жарияланымдардың авторы Ғайни Сарбасова, көпбалалы ана, шаңғыдан спорт шеберіне үміткер  Светлана Абайкина,  танымал журналист, қазақ веб-сайттарының негізін қалаушылардың бірі Мейрамхан Жәпек, белгілі журналист, ақын Гүлісхан Домалайқызы, журналист, «Хабар» арнасындағы «Өмір жолы» тележобасының авторы Айнұр Күзербаева, көпбалалы ана, ҚазАТУ-нің аға лаборанты Любовь Джикия және өзге де әйелдер шақырылған болатын.  

         «Ауыл» партиясының Төрағасы кеш қонақтарының жетістіктеріне жеке-жеке тоқтала келе оларға жылы лебізін білдіріп, еңбектеріне жеміс тіледі. Сондай-ақ, Әли Бектаев еліміздің дамуы мен қалыптасуында әйелдер қауымының рөлі зор екендігін тілге тиек етті.  «Бір қолымен бесікті – бір қолымен әлемді тербеген» әйел-ана шаңырақтың ұйытқысы, дәстүрдің сақтаушысы, қоғамның қозғаушысы. Сіздер ұрпақ тәрбиесімен қатар, қоғамдық сананың жаңғыруына, ұлттың рухани құндылықтары мен мəдениетіне, экономикасына айтарлықтай үлес қосып келесіздер. Еңселі ел болудың негізі отбасындағы аналық тəрбиеден басталады. Сіздердің еңбектегі төзімділіктеріңіз бен аналық  мейірімдеріңізге алғыс білдіремін»,  – деді Әли Бектаев.

         Мерекелік кеш еркін форматта өтті. Әйелдер қауымына арнайы дастархан жайылып, сый көрсетілді. Ақ жарма тілектер айтылды. Партия Төрағасы Әли Бектаев арнайы әйелдерге арнап шығарған өлеңін оқыса, Орталық аппарат қызметкерлері қазақтың қара домбырасының күмбірімен әуелете ән салып, қонақтардың көңілін бір серпілтіп тастады.

         Әйелдер қауымы өздеріне көрсетілген сый-құрметке ризашылықтарын білдіріп, есте қаларлық кеш сыйлаған партия ұжымының алдағы жұмысына табыс тіледі. Кеш соңында естелікке суретке түсіп, жайдары көңіл-күймен тарқасты.

 

«Ауыл» ХДПП Баспасөз қызметі